Дуальді оқыту жүйесін жетілдіру - заман талабы

Дуальды оқыту жобасы аясында жергілікті кәсіпкерлер Германияның бизнеске қажетті мамандарды даярлау тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алып отыр. Осыдан екі жыл бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері Трир қаласының қолөнер палатасы басшылығымен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесі бойынша бірлескен әріптестік жобаны қолға алған болатын.
Мұндағы мақсат - шағын және орта бизнеске қажетті кадрларды кәсіпорындар мен еліміздің колледждерінде дайындау. Қазір осынау бастама аясында құрылыс, туризм, ресторан бизнесіне қажетті мамандар оқытылуда. Бүгінде күнгей кәсіпкерлері неміс мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Шетелдіктер оқу жоспарларын дайындап, тіпті, қолданыстағы жүйелерге өзгерістер енгізуде. Бір сөзбен айтқанда жергілікті кәсіпорындардың заманауи технологияларды ұршықша иіріп әкетуіне көмектесіп жатыр. «Атамекен» ҰКП мен Трир қаласының қолөнер палатасы бірлесіп қолға алған жоба 2017 жылға дейін жалғасады. Бағдарлама баламасы Африка, Малайзия және Америка елдерінде қолданыста.
Айта кету керек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру да қазіргі уақыт талабы екендігі айтылған. Қазақстандық кәсіптік білім беру жүйесінде қос бағытты білім берудің ғылыми-теориялық негіздері жан-жақты зерттелуде. Шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып, білім берудің жаңа буын мемлекеттік стандарттарын жасауға жұмыс берушілер қатыстырылып, дуальдық жүйені кәсіптік білім беру үлгісіне енгізудің мүмкіндіктері мен алғышарттары қарастырылуда.
Кәсіптік білім берудің мемлекеттік стандарттарының жаңа буыны құзыреттілік қатынасқа негізделген, соған сәйкес қазіргі заманғы маман еңбек нарығында және кәсіби салада әлеуметтік қорғалуды, икемділікті, бейімделгіштікті, табыстылықты қамтамасыз ететін әлеуметтік және кәсіби сапалардың жиынтығына ие болуы қажет. Стандарт талаптарына сәйкес, кәсіби құзыретті маман даярлау мазмұны білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға ғана емес, өндіріс қажеттіліктеріне сәйкес дамыған кәсіби іс-әрекет дағдыларын меңгертуге бағытталған.