Дубай-Ташкент рейсіндегі азаматтан 120 мың долларлық алтын сағат табылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – «Дубай-Ташкент» бағыты бойынша ұшқан Өзбекстан азаматы «Ислам Каримов» халықаралық әуежайдағы шекаралық-кеден бекетінде тексеруден өткен. 

сағат
Фото: t.me/toshkentaero_official

Нәтижесінде оның қол сөмкесінде ақ тастармен безендірілген “Patek Philippe Geneve” жазуы бар қол сағаты табылды. Бұл туралы Toshkent-AERO баспасөз қызметі хабарлады.

Құны 1 млрд 540 млн 260 мың сум (шамамен 121,5 мың доллар) тұратын алтын сағат декларацияланбаған және жеке тұлғалар үшін белгіленген нормативтен асып кеткен.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, елдегі заң бойынша жеке тұлғаларға салмағы 200 грамға дейінгі күмістен жасалған зергерлік бұйымдарды және салмағы 65 грамға дейінгі алтыннан және басқа да бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды жолаушы кедендік декларациясын толтырмай, ал осы мөлшерден асатындарды жолаушы кедендік декларациясында белгілей отырып, Өзбекстанның аумағынан алып шығуға рұқсат беріледі.