Дубай туристерге арналған алғашқы бірегей бағдарламасын ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM — Дубайда туристерге бес жылдық көп мәртелік виза мен арнайы жеңілдіктер ұсынатын Dubai Access Club бағдарламасы іске қосылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Time Out Dubai басылымына сілтеме жасап.

Дубай туристерге арналған алғашқы бірегей бағдарламасын ұсынады
Фото: Gulf News

Бағдарлама Дубайға тұрақты келетін туристер санын арттырып, олардың саяхатын барынша жайлы етуге арналған.

Оған қатысу құны — 4 мың дирхам (шамамен 1 100 доллар). Сондай-ақ БАӘ аумағында жүрген өтініш берушілерден қосымша 650 дирхам алым алынады.

Іріктеуден өткендерге бес жылдық көп мәртелік виза беріледі. Оның негізінде туристер елде жыл сайын әр келген сапарында 90 күнге дейін жүре алады. Бұған қоса, оларға 2 мың дирхам (шамамен 545 доллар) көлемінде кредит ұсынылады. Оны арнайы тізімге енген қонақүйлерде тұру, көрікті жерлерді аралау және таңдалған дүкендерден сауда жасау үшін пайдалануға болады.

Өтінім беру үшін фотосурет, паспорт көшірмесі, соңғы алты айдағы банк шотынан үзінді, медициналық сақтандыру полисі және екі бағытқа да әуе билеттері ұсынылуға тиіс.

Бағдарламаға Visit Dubai ұйымының жекелеген корпоративтік серіктестері мен тұрақты клиенттерге арналған бағдарламалары арқылы қосылуға болады. Жеке тұлғалар мен компаниялар өтінімдерін ұйымның ресми сайтында тіркей алады. Дегенмен бағдарламаға қатысуға түпкілікті рұқсат Дубайдың Резиденттік және шетелдіктер істері жөніндегі бас басқармасы (GDRFA) мақұлдағаннан кейін беріледі.

Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыстың Дубай туризміне қалай әсер еткенін жазған едік.