Дубайда әлемдегі ең алғашқы эко-мешіт ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубайда экологиялық тұрғыдан әлемдегі ең таза мешіттің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Gulf News.
Қазір жобаның 85 пайызы жүзеге асырылған. Бұл мешіт басқа имандылық үйлерінен айрықша дизайнымен ерекшеленеді, соның арқасында электр энергиясы едәуір үнемделеді. Ғимаратта қажетті бөлме температурасы сақтап тұру үшін заманауи технологиялар қолданылады. Өздігінен қараятын терезелер күн сәулесінің түсуін шектесе, бірегей материалдар ғимарат ішін салқындатып тұрады. Сондай-ақ мешіт аумағында күн батареясын орнату көзделіп отыр. Ал, пайдаланылған сулар, тіпті, жауын-шашын да арнайы тазартудан өткізілмек. Сөйтіп, қандай да бір уақыт өткен соң қайта өңделген ылғал суару және тұтыну үшін пайдаланылмақ. Тайеб әл-Раис жобасының авторларының бірі хабарлағандай, бұл эко-ғимарат Дубайдағы алып ғимарат болмақ, ол 10 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, ал оның ішкі көлемі 4,2 мың шаршы метрді құрайды. Алдын ала есептеулер бойынша, мешітте бір мезетте 3500 адам құлшылық ете алады. Дубай билігі жаңа мешіт халықаралық дәрежеде мойындалып, БАӘ басты символдарының біріне айналады деп үміттенеді.