Дубайда метроның «Алтын желісі» ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Дубай метроның «Алтын желісі» жаңа жобасын іске қосу арқылы өз тарихында қоғамдық көлік жүйесін кеңейтуге дайындалып жатыр.
Құрылыс жобасын Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бин Рашид Әл Мактум жариялады. Жаңа 42 шақырымдық «Алтын желі» 18 станцияны және қазіргі заманғы туннельдер желісін қамтиды. Бұл Дубай метросының қолданыстағы туннельдерінен екі есе көп.
Ол қаланың 15 негізгі стратегиялық аймағы арқылы өтетін болады. Шамамен 1,5 млн тұрғынға қызмет көрсетеді және салынып жатқан 55 ірі жылжымайтын мүлік нысанымен көлік байланысын жақсартады.
- Дубайды әлемде өмір сүруге ең қолайлы қалаға айналдыруға бағытталған маңызды жобаларымыз жолға қойылған. Болашақтағы іс-шараларымыз тоқтап қалмайды, керісінше, жеделдейді. Біздің жоспарымыз – миллиондаған адам үшін жақсы болашақ құру. Біз уәдемізді орындап келеміз, - деп жазды Дубай билеушісі Х әлеуметтік желісінде.
Жобаны іске асыру құны 34 млрд дирхамға (9,25 млрд доллар) бағаланып отыр. Құрылыстың аяқталуы 2032 жылдың 9 қыркүйегіне жоспарланған. Бұл Дубай метрополитені ашылуының 23 жылдығымен тұспа-тұс келеді.
2040 жылға қарай күнделікті жолаушылар саны 465 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. 20 жылдағы жиынтық экономикалық кіріс – 430 пайызға дейін.
Осыған дейін Дубайда алтыннан көше салынатынын жаздық.