Дубайда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубайда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын таныстыру шарасы табысты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«World free zone Organization» - бұл 2014 жылы құрылып, бүкіл әлемдегі еркін және айрықша экономикалық аймақтарды, еркін аймақ қауымдастықтары мен еркін және айрықша экономикалық аймақ қауымдастықтарын біріктіретін коммерциялық емес ұйым. Біздің арнайы экономикалық аймағымыз аталған ұйымның толық құқылы мүшесі мәртебесін алып отыр. Бұл Павлодар облысының инвестициялық әлеуетінің көкжиегін халықаралық аренада кеңейтуге мүмкіндік береді», - деп мәлім етті журналистерге «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқармасының төрағасы Айбек Тұрсынғалиев.
Павлодар облысы әкімдігінің атап өтуінше, Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті және Премьер-Министрі Мухаммед бен Рашид аль Мактумның қамқорлығымен Дубайда өткен халықаралық форумға әлемнің 50 елінен 1 мыңнан астам адам қатысқан. Осы шара барысында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы таныстырылған.
Аталған алаңда сөз сөйлеген «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқармасының төрағасы Айбек Тұрсынғалиев арнайы экономикалық аймақтың мүмкіншілігі мен келешегі жайында кеңінен айтып берген. Осыдан кейін әлеуетті инвесторлармен арада бірқатар келіссөз жүргізілген.
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының мүмкіншілігіне беделді экономикалық басылым «fDi magazine» өкілдері де жоғары бағаларын берді. Аталған басылымның бас редакторы Кортни Фингар Павлодар облысында атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, Ертіс жағалауындағы арнайы экономикалық аймаққа келуге қызығушылық танытты», - деп атап өтеді өңір әкімдігінен.