Дубайда суасты қонақ үйі тұрғызылатын болды
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Drydocks World компаниясы Дубайдағы суасты Water Discos қонақ үйінің құрылысы алдындағы жүргізілген зерттеу жұмыстарының аяқталғанын мәлім етті. Бұл жайында «Ватан» араб басылымы хабар таратты.
muslim.kz сайтының жазуынша, биыл әлемдегі ең ірі суасты қонақ үйі болатын кешеннің құрылғылары орнатыла бастайды. Мейманхананың техникалық жобасы, барлық инженерлік және механикалық конструкциясы дайын тұр. Бұған қоса, көп бөлігі су астында болатын, сырт келбеті диск тектес қонақ үйдің дизайны да қағазға түсіп, қатталып қойған. Алдын-ала есеп бойынша қонақ үй кешенінің құрылысына кететін қаражат 70 млн доллар мен 120 млн доллар арасында болуы мүмкін. Оған жұмсалатын қаражаттың нақты бір мөлшерінің кесіп-пішіп айтылмауында үлкен сыр жатыр. Мейманхананың ауданы, сыйымдылығы мен бөлмелер саны өзгеруі мүмкін. Алдын-ала жасалған жоба бойынша қонақ үй ауданы -10 м тереңдікте 11 мың шаршы метрді құрамақ. Қонақ үй құрылысы 2013 жылы басталады. Бұған барлық негіз бар: әмірліктің экономикасы өсіп, туристердің қарасы артқан. Алдағы 9 жылда жыл құрғатпай елге келетін туристердің санын пайызға шаққанда 6,5%-ды құрауы мүмкін. Құрылысшылар Дубайдың жағалауға жақын орналасқан аудандарын аралап, қонақ үй тұрғызуға қолайлы орын іздеуге кіріскен. Олардың таңдауы көлік қатынасы жолға қойылған, инфрақұрылымы дамыған, толқыны көп туламайтын суы тымық жерге түсетіні белгілі. Ең қолайлы орынды да тапқан сыңайлы. Ол - Жумейр жағалауы.