Дубайдағы «Бурдж әл-Араб» қонақ үйі уақытша жабылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бурдж әл-Араб қонақ үйі алғаш рет ауқымды жөндеуден өтеді.

п
Фото: Gulf news

БАӘ-нің символына айналған бес жұлдызды люкс санатындағы бұл нысан ашылғаннан бері алғаш рет жаңғыртылады. Жөндеу жұмыстары 18 ай бойы кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Jumeirah Group бас директоры Томас Мейердің айтуынша, соңғы 27 жыл ішінде қонақ үй жоғары сервис деңгейін сақтап, әлемдегі үздік қонақүйлердің қатарында болды.

– Жаңа реновация бағдарламасы Бурдж әл-Араб тарихындағы кезекті маңызды кезеңді ашады, – деді ол Gulf News басылымына.

Жобаны француз сәулетшісі Тристан Оэр басқарады.

Айта кетейік, бұл бастама Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың люкс туризм сегментіне әсері талқыланып жатқан кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.