Дұға оқығаны үшін ақша сұраған имам жұмыстан босатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында дін қызметкерінің этикасын бұзып, діни борышын дұрыс орындамағаны үшін имамды жұмыстан босатты, деп жазады mgorod.kz.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, Сәрсенбай Кенжебаев дін қызметкерінің этикасына сай келмейтін әрекетке жол берген. Имам дұға оқығаны үшін ақша сұраған. Осы дерек бойынша Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы шұғыл тексеріс өткізді.
«Дін қызметкерінің этикасы» құжатында көрсетілген талаптарды, сондай-ақ сеніп тапсырылған діни борышын дұрыс орындамағаны үшін Сәрсенбай Кенжебаев Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының 2017 жылдың 10-қаңтар күнгі бұйрығымен қазіргі қызметінен босады», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Сәрсенбай Кенжебаев Атырау облысы Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылына 2012 жылдың 30-қараша күні уақытша имам болып тағайындалған болатын.