Дүкеннен шырын мен чипс ұрлағаны үшін қарағандылықтың 2 жылға бостандығы шектелді
ҚАРАҒАНДЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат - Дүкеннен шырын және чипс ұрлағаны үшін Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны сот алдында жауапқа тартылды, деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
«Сотталушы ұрлық жасауға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды. Сот оған қатысты 2 жылға бостандығын шектеу туралы шешім шығарды. Сотталушы арнайы органдардың рұқсатынсыз тұрақты мекен-жайын, оқуы мен жұмыс орнын өзгерте алмайды. Сондай-ақ оның белгілі бір орындарға бару құқығы шектелген», - дейді облыстық соттың баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, соттың шешімімен ол тәтті тағамдар дүкенінің иесіне келтірген шығыны үшін 82 мың теңге төледі.
Істің материалдарына сәйкес, 20 жастағы жігіт түнде тәтті тағамдар сататын дүкеннің терезесін сындырып кірген. Ол дүкеннен ақша іздеген, алайда олжасы табылмаған соң сөредегі заттарға көзі түскен. Жас жігіт 410 теңге тұратын үш пакет шырын мен 150 теңгелік чипсты алып кетеді. Полиция қызметкерлері оны қылмыс жасаған жерінде ұстады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.