Дулат Айтжанов «ҚазАгро» ҰБХ-ның» жаңа төрағасы болып тағайындалды
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқармасының төрағасы болып Дулат Айтжанов тағайындалды.
Холдингтің жаңа басшысын ұжымға бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков таныстырды.
Бұған дейін Д.Айтжанов ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі болып жұмыс істеген.
Д.Айтжанов 1968 жылы Алматыда дүниеге келді. Алматы мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдады. Түрлі жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ заң бөлімінің бастығы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасының төрағасы болып жұмыс істеген.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.
Үйленген. Екі қыз және екі ұл баланы тәрбиелеуде.
Холдингтің бұрынғы басшысы Берік Бейсенғалиев қызметінен өз еркімен босатылды. Министр оның басқа жұмысқа ауысатындығын айтты.