Дүние жүзіндегі қазақтардың байланысын нығайту үшін "ҚазАқпарат" агенттігі бастаған жақсы жұмыстар жалғасса игі - делегат Асай Рәбіш

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дүние жүзіндегі қазақтардың байланысын нығайту үшін "ҚазАқпарат" агенттігі бастаған жақсы жұмыстар жалғасса игі. Бүгін Астанада басталған Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында сөз сөйлеген Моңғолия Республикасы Ұланбатыр қаласындағы Қазақ мәдениет орталығының басшысы, медицина ғылымының докторы Асай Рәбіш осылай мәлім етті.

Дүние жүзіндегі қазақтардың байланысын нығайту үшін "ҚазАқпарат" агенттігі бастаған жақсы жұмыстар жалғасса игі - делегат Асай Рәбіш

Өз сөзінде Асай Рәбіш мырза Құрылтайдың қазақ ұлтының, күллі қазақстандықтардың биік мақсат пен ортақ мүдделер тоғысында өтіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның Тәуелсіздіктен бергі жеткен жетістіктеріне тоқтала келе, мәртебелі мейман, Атажұртта Елбасы Н. Назарбаевтың басшылығында атқарылып жатқан шаралардың ел беделін халықарлық аренада артып отырғанына да назар аударды. «Бұл әрине өте қуанышты жәйт. Дегенмен, ендігі жерде шет елдегі ағайындар да осындай деңгейге жетуіміз керек. Бұл ретте Моңғолиядағы қазақтарға да тұрақты қолдау мен көмек керек», - деген Асай Рәбіш мырза бірнеше нақты ұсыныстарын алға тартты.

«Бұрын Моңғолияға Қазақстаннан газет-жұрнал, кітаптар мен басқа да баспа өнімдері көп жеткізіліп тұратын. Қазір бұл доғарылды. Моңғолияда қазақ тіліндегі газет пен жұрналдың жарық көруі қиындап отыр. Қаржы тапшылығынан қазақ баспаханасы таратылды. Ендігі жерде интернет құралдары енгізген "ҚазАқпарат" агенттігі бастаған жақсы жұмыстар жалғасса дұрыс болар еді. ҚазАқпарат қажетіне қарай дүниежүзіне латын және араб әрпімен жазылған қазақша төл ақпаратты тарата бастады. Арабша төте жазумен "Қазақ руханияты" атты әдеби, мәдени және елтану порталын ашып, сырттағы қазақтар аса сусап отырған тақырыптарды көтеріп, қазақ поэзиясы мен әңгімелерінің антологияларын жасады. Қазақ тарихы мен шежіресіне, әдебиеті мен өнеріне қатысты құнды материалдар ұсынып отыр. Бұл біздің ақпараттық, әдеби-мәдени көпіріміз», - деді мейман.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі алқалы құрылтайды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзіндегі қазақтардың өзара байланысын нығайта түсу үшін Байланыс және ақпарат министрлігіне арнайы веб-сай ашуды тапсырған болатын. «Біздің шеттегі өз қандастарымыздың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесуіміз қажет. Бұл ретте Байланыс және ақпарат министрлігі «CaspioNet» арнасының хабарларын қазақтар тұратын елдерге таратылуын қамтамасыз етуі шарт. Бұл ретте біздің ұлттық дәстүріміз бен салттарымыз туралы хабарларды арттыруды тапсырамын. Бұған қоса, министрлік дүниежүзіндегі қазақтармен байланысты нығайта түсуі үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн»,-деді Президент.