Дүниежүзі қазақ жастары арасында шағын футболдан жарыс өтті

Турнир Алматы қаласында «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Биылғы турнир белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына арналды.
Ойынның бірінші күнгі қорытындысы бойынша, екінші кезеңге «Қазақ Ыстанбұл» (Түркия), «Әмір» (Ресей, Саратов қаласы), «Байөлке» (Моңғолия), «Дастан» (Иран), «NFC Kazakhstan Павлодар» (Қазақстан, Павлодар), «Бірлік-Керуен» (Алматы), «Ғафур» (Алматы), «Алатау» (Алматы) футбол командалары (ФК) жолдама алды.
Екінші күнгі ойында жартылай финалда «NFC Kazakhstan Павлодар» мен «Әмір» ойнап, 4:1 есебімен «NFC Kazakhstan Павлодар» финалға шықты. Ал «Бірлік-Керуен» мен «Байөлке» арасында болған ойында 6:1 есебімен «Бірлік-Керуен» финалға өтті.
Үшінші орынға таласта «Әмір» ФК «Байөлке» ФК-ны жеңіп, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал «Байөлке» футболшыларына 200 мың теңге сыйақы берілді.
Ал финалға шыққан «Бірлік Керуен» мен «NFC Kazakhstan Павлодар» арасындағы ойын 3:2 есебімен аяқталып, «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирінің кубогына және 1 млн теңге қаржылай сыйақыға «Бірлік Керуен» ФК ие болды. «NFC Kazakhstan Павлодар» командасына 500 мың теңге сыйақы берілді.
«Біз бұл турнирге көп дайындалдық. Былтыр қатысып есемізді жіберіп алған едік. Ал биыл ұттық. Бәрі жігіттердің күш-жігері. Ал турнир жоғары деңгейде өтті. Бұрын тек шетелден келген қазақтар арасында өтетін. Биыл жергілікті командалар қосылып отыр. Осы себепті де турнир қызықты өтті», - деді жеңіске жеткен «Бірлік Керуен» ФК-ның негізін құрушы Манат Мағаз.
Бұдан бөлек, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тағайындауымен үздік ойын көрсеткен «NFC Kazakhstan Павлодар» ФК-ның ойыншысы Асқар Ажиков - «Сұрмерген», «Қазақ Ыстанбұл» ФК-ның ойыншысы Жанер Ахмет Бозқұрт - «Үздік шабуылшы», «Әмір» ФК-ның қақпашысы Руслан Маштаков - «Үздік қақпашы» және «Намыс» ФК-ның (Ресей, Омбы) ойыншысы Нурахмет Нигманов «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, Тұрсынбек Кәкішев атындағы арнайы «Елдік рух» сыйлығы Франциядан келген «Parij Kazakh sport» ФК-ға және Қырғызстаннан келген «Алаш» ФК-ға берілді.
Алыстан ат арытып келген қазақ командалары турнирдің жабылу салтанатында қоғамдық қорға және ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
«Бар өмірін қазақ әдебиетіне арнаған Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған «Ер Жәнібек» халықаралық қорының футбол турнирі құтты болсын. Бізді «шетелдегі қандастарымыз» деп бауырына басып жатыр. Сондықтан Франция қазақтары атынан осы шараны ұйымдастыруға ат салысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», - деді Париждегі қазақ мәдени орталығының және «Parij Kazakh sport» ФК жетекшісі Тәбәрік Доолу.
Жеңімаз командаға кубок тапсырған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия сөз соңында барлық қатысушы командаларға алғыс білдірді.
Айта кетейік, «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирі 21 қазан күні басталған. Жарысқа шетелден келген «Қазақ Ыстанбұл» (Түркия), Әмір» (Ресей, Саратов қаласы), «Үштас» (Қытай, Бейжің) «Parij Kazakh sport» (Франция, Париж), «Намыс» (Ресей, Омбы қаласы), «Байөлке» (Моңғолия), «Алаш» (Қырғызстан), «Дастан» (Иран) командалары және Қазақстаннан «NFC Kazakhstan Павлодар» (Қазақстан, Павлодар), «Таймас» (Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысы), «Намыс» (Қазақстан, Түркістан қаласы), «Жерұйық» (Қазақстан, Талдықорған қаласы) командалары, сондай-ақ, Алматы қаласынан «Бірлік-Керуен», «Сауыр», «Ерентау», «Үшқоңыр», «Бесқала», «Барыс», «Алатау», «Ғафур» командалары қатысты.