Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жаңа басылымдары жарыққа шықты

Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Солардың ішіндегі жаңа басылым - «Қазақ көші - қазақтың қауымдасуы». Бұл Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты құжаттарының жинағы, онда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуы мен қызметі, қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму мәселелері, этникалық көші-қон, қазақстандық қоғамға 1991-2012 жылдар ішінде оралмандардың бейімделуі мен қалыптасу кезеңдері көрсетілген.
Жинаққа қазақ және орыс тілдерінде барлығы 213 құжат енген. Оның ішінде ҚР Президентінің қаулылары, жарлықтары, баяндамалары мен үндеулері, ҚР Үкіметінің қаулылары және ҚР Премьер-министрінің өкімдері, ҚР Премьер-министрінің, мемлекетік орган басшыларының ҚР Президентіне, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысына, ҚР Президенті жанындағы Бас бақылау инспекциясына көші-қон саясаты, оралмандарды орналастыру мен бейімделуі жағдайына байланысты мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы жайлы хаттары, баяндамалары мен есептері бар. Жинаққа 11 хат, үндеулер, Германия, Швеция, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Якутиядағы қазақ мәдени орталықтарының құрылтай қарарлары кірді.
«Қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыстың өркендеуінде, шетелдердегі этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуы және халықтың бірігуі жолындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтулы рөлін Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты қорындағы құжаттар көмегімен ашып көрсетуді мақсат еттік» - дейді жинақты құрастырушылар.
Басылым ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен шығарылған.
Сондай-ақ, қауымдастық таратқан ақпаратта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының 12 кітабы жарыққа шыққандығы туралы айтылады. Олардың арасында Кәкей Жаңжұңұлының «Жауқазын» атты жыр жинағы, Тәпей Қайысқанның «Сексеуілдің шоғы» атты өлеңдер жинағы, Қойшыбек Мүбәрактің «Жат құшақ» атты мистикалық әңгімелер жинағы және тағы басқа көптеген кітаптар бар.
Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы құжаттары мен материалдары енген «Ұлттың ұлы жиыны» атты көркем безендірілген басылым, Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған «Туған тіл» альманағы мен «Алтын бесік» журналының арнайы сандары дайындалды.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның демеушілік көмегі есебінен «Қазақстан қоғамының дамуына қандастарымыздың қосқан үлесі: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуының 20 жылдығына орай өткізілген республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары» жарық көрді.
Жаңа басылымдар осы жылдың 12 қазан күні Тіл комитетінің қолдауымен өтетін «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері мен мәселелері және оларды шешу жолдары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қатысушыларына таныстырылады. Оның жұмысына 20 елден келетін қазақ мәдени орталықтарының басшылары, сондай-ақ Қазақстан ғалымдары, ұстаздары, мұражай қызметкерлері қатысады.