Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Елбасының ҚР Президент сайлауына қатысуын қолдауға байланысты Үндеу қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақсақалдар алқасы мүшелерінің отырысы болып өтті. Онда қатысушылар Елбасы Н. Назарбаевтың ҚР кезектен тыс Президент сайлауына түскенін қолдауға байланысты еліміздің барлық азаматтарына және тәуелсіздік жылдары шетелдерден атажұртқа оралған ағайындарға арнап Үндеу қабылдады.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Елбасының ҚР Президент сайлауына қатысуын қолдауға байланысты Үндеу қабылдады

«Бүгінгі таңда алыс және жақын шетелдерде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Бұл ағайындарымыз қай жерде, қай елде тұрса да қазақ халқының құрамдас бір бөлігі. Шетелдегі ағайындар үшін Қазақстандағы биылғы кезектен тыс Президент сайлауы - аса маңызды оқиғалардың бірі. Яғни, алдағы уақытта Қазақ елінің тізгінін кім ұстайды, Мемлекет басшысы болып кім сайланады деген мәселе оларды да ерекше ойландырады әрі алаңдатады. Өйткені, Тарихи Отанының Тәуелсіздігі, бақ-берекесі, игі жеңістері - дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі бүкіл қандастарымыз үшін бәрінен де қымбат. Дүбірі мол дүние дәл қазір дүрбелең шақты бастан өткізуде. Көңілге алаң саларлық жайттар бүгінгі күні тым көбейіп барады. Әлемдік экономикалық құрылымды әркім өз мүддесіне сай қайта құруға ұмтылушылық та байқалуда. Бұл ретте әлемнің алпауыт елдерінің назары шикізат көздеріне бай Қазақстан тәрізді елдерге ең алдымен түсіп отырғандығы да жасырын емес», - делінген Үндеуе.

Осыған байланысты аталмыш құжатта тарихи Отанына шетелден оралған қазақтардың Астанада өткен «Нұр-Отан» партиясының кезектен тыс ХVI сьезінің жұмысы мен қабылдаған шешіміне үлкен қызығушылықпен қарап, қолдау білдіргені айтылған.

«Бәріміз қазіргідей дүрбелең шақта тәжірибелі де білікті, талай сынақты бастан өткізген Н. Ә. Назарбаевтың кандидатурасын сьезд делегаттары бірауыздан ҚР Президенттігіне ұсынғандығын қуанышпен қарсы алдық. Елбасы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде өткізілген Әлем қазақтарының төрт құрылтайында да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы ретінде дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған ағайындарға Қазақ елін дамыту жөнінде жүзеге асқан жақсы істерді, қолға алынуға тиіс биік мақсат-міндеттерді жан-жақты талдап ортаға салған еді. Соған орай, алыс-жақындағы ағайындар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазақтың көшбасшысы ретінде бағалап, қадір тұтады» - делінген Үндеуде.

Осылайша, Ақсақалдар кеңесі барша жұртшылықты айтылған жәйттерді ескере отырып, алдағы сайлауға аса жауапкершілікпен келуге шақырды.

«Қазір кезектен тыс Президент сайлауына бірнеше адам тіркеліп те қойды. Олардың ішінде әрине елге белгілі тұлғалар да бар. Негізі сайлауға бір емес, бірнеше адамның қатысқаны өте дұрыс. Өйткені, бұл демократияның белгісі. Жалпы, кімді сайлау керектігін көзі қарақты халқымыз өзі шешеді. Ал енді біздің сыртта жүрген қандастарымыз Елбасының сайлауға түсетінін қолдап, өз пікірлерін жолдап жатыр» - деді өз сөзінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

Ол шет елдердегі бірқатар қазақ қауымдастықтары атынан келген хаттарды оқып берді.

Сонымен қатар, бүгінгі бас қосуға жиналған Ақсақалдар кеңесінің оннан астам мүшесі кезегімен сөз сөйлеп, Елбласы Н. Назарбаевтың сайлауға түсетіндігіне бірауыздан қолдау білдірді.