Дүниежүзілік банк Қазақстан ЖІӨ өсімінің болжамын қайта қарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банк (ДБ) 2018 жылға арналған Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі болжамын 3,7-ден 3,8 пайызға дейін көтерді. Бұл туралы ДБ-ның Қазақстан бойынша соңғы экономикалық баяндамасында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасы туралы күзгі баяндамасында 2018 жылдың жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі бойынша болжам көрсеткіші 3,7-ден 3,8 пайызға жоғарылады.
«Ары қарай негізгі сауда серіктестермен қолайлы жағдайларды сақтаған кезде, сондай-ақ бизнес ортаны дамыту мен экономикада мемлекет рөлін қысқартуға бағытталған реформаларды табысты жүргізген жағдайда мұнайлы емес экономикада өсім біртіндеп қарқын алады», - делінген ДБ баяндамасында.
Белгілі болғандай, Дүниежүзілік банк болжамына сәйкес, 2019 жылы Қазақстан ЖІӨ-сі өсімі 3,5 пайызды, 2020 жыл мен 2021 жылы 3,2 пайызды құрайды деп күтілуде.