Дүниежүзілік банк Қазақстандағы реформаларға баға берді

АСТАНА. ҚазАқпара - Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірлері бойынша вице-президенті Сирил Мюллер Қазақстандағы қаржылық институттың жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Дүниежүзілік банк Қазақстандағы реформаларға баға берді

Ол Астана экономикалық форумы аясындағы «Дүниежүзілік банк. Қазақстан - елді жүйелі диагностикалау» атты сессиясы барысында биыл ДБ мен Қазақстан ынтымақтастықтың 25 жылдығын атап өтіп жатқанын жеткізді.

«Осы өңірде көп уақыттан бері жұмыс істеген сарапшы ретінде Қазақстанның айтарлықтай алға жылжығанын растай аламын. Осы орайда Үкімет пен серіктестерге 25 жыл бойы білдірген сенімдері үшін біздің алғысымызды жеткізгім келеді. Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан гүлденген ұлтты құруда батыл қадамдрға барды. Бұл тұрғыда елдеріңіз оңтайлы трансформацияны жүзеге асыруға қауқарлы болды»,-деді С. Мюллер.

Сонымен қатар ол Қазақстанда соңғы 10 жылда кедейшілік екі есеге қысқарғанын, бұл ретте ел азаматтарының табысы артқанын сөз етті.
«Күніне 5 доллардан кем қаржыға өмір сүретін халықтың үлесі 50 пайыздан астам деңгейден бүгінде 20 пайыздан төмен көрсеткішке дейін қысқарды. 2006 жылы мемлекет ортадан жоғары деңгейдегі табысы бар елдің мәртебесіне көшті»,-деп нақтылады ол.

ДБ вице-президентінің сөзінше, осындай нәтижелерге қол жетекізу үшін Қазақстан мұнай ресурстарын пайдаланып, маңызды инфрақұрылымға ерекше мән беріп, инвестицияларды адами капиталды құруға, білім мен денсаулық сақтау секторларын қолдауға, нарықтық экономикаға негізделген қолайлы жағдайды жүзеге асыруға бағыттағанын атап өтті.