Дүниежүзілік банк Қазақстанның мал шаруашылығын дамытуға қаржы бөледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банк Қазақстандағы мал шаруашылығын дамыту үшін қаражат бөлуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Дүниежүзілік банк Қазақстанның мал шаруашылығын дамытуға қаржы бөледі

Бұл туралы ҚР Үкіметінде Дүниежүзілік банк өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Ато Браун мәлімдеді.

«Фермерлерді және бизнестің кейбір сегменттерін тікелей қаржыландыруда Сіздерге көмектесе аламыз. Бастапқыда жарты миллиард долларға келіскен болатынбыз, алдағы 5 жылда жүзеге асырамыз деген ойдамын. Қажетті қаржылық және техникалық қолдау бойынша мемлекеттен ұсыныс алған соң, қаржыландырудың егжей-тегжейін талқылағымыз келеді. Сол кезде қаржыландырудың нарықтың түрлі сегменттеріне қалай бөлінетіні туралы толыққанды сөйлесеміз. Ет одағымен де өңірлердегі үй шаруашылықтары, мал жемдейтін орындар туралы әңгімелесе аламыз және сиыр мен қой еттері бойынша бағдарлама құрамыз», - деді Ато Браун.

Өз кезегінде Қазақстандағы ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев халықаралық ұйым бөлетін қаражаттың қайда жұмсалатынын айтты.

«Оған жәй қаражат емес, жаңа білім мен жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндік деп қараған жөн. Сондықтан, қаражатты ең алдымен жеке фермерлерді қаржыландыру бағдарламасына жұмсаймыз. Жоспарымыздағы екінші бағыт - суармалы жер көлемін қосымша миллион гектарға ұлғайту. Осылайша, тұрақты жем-шөп базасын жасай аламыз», - деді М. Бақтыбаев.