Дүниежүзілік банктің басшысы болып американдық Джим Ен Ким тағайындалды
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банктің Директорлар кеңесі ұйымның басшысы лауазымына АҚШ өкілі, Дармут колледжінің президенті Джим Ен Кимді тағайындады.
Ким жаңа қызметіне 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап кірісетін болады, ол ДБ басшысы қызметіне бес жылға сайланды, деп хабарлайды Бірінші арна Еуразия .
РИА Новости хабарлағандай, Дүниежүзілік банктің қазіргі басшысы Роберт Зеллик қызметтік лауазымын 30 маусымда бесжылдық мерзімі аяқталғаннан кейін босатады. «Біз барлық кандидаттарға үлкен ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Джим Ен Кимнің өз қызметіне кірісуі мен онымен ынтымақтастықта жұмыс бастауды тағатсыздана күтеміз», - делінген Дүниежүзілік банктің Директорлар кеңесінің мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, 13 сәуірде Ресей қаржы министрі Антон Силуанов Мәскеу Джим Ен Кимнің кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеген болатын. 24 наурызда Дүниежүзілік банк ұйым басшысы лауазымына кандидаттардың ресми тізімін жариялады. Оның ішінде, Кимнен бөлек, Колумбияның бұрынғы қаржы министрі Хосе Антонио Окампо және Нигерияның қаржы министрі Нгози Оконджо-Ивеала да болды. Бұрынырақ хабарланғандай, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) елдері ДБ басшысы қызметіне жалғыз кандидатура ұсына алатын, алайда ондай ұсыныс болған жоқ.