Дүниежүзілік банктің есебінше Қазақстан салық төлеу жиілігі бойынша 183 елдің арасында 17-нші орында тұр - Б. Жәмішев

АСТАНА.  6 маусым. ҚазАқпарат -  Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстан салық төлеу жиілігі бойынша әлемнің 183 елінің арасында 17-нші орында тұр.

Дүниежүзілік банктің есебінше Қазақстан салық төлеу жиілігі бойынша 183 елдің арасында 17-нші орында тұр - Б. Жәмішев

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

«Тиімсіз салықтық әкімшілендіру туралы мәселеге келсек, онда елімізге қатысты халықаралық ұйымдардың берген бағалары керісінше, жағымдыны дәлелдеп отыр деп ойлаймын. Өйткені, бізде басқа елдерге қарағанда салықтық жүктеме төмен және бұл инвесторлар тарту мен бизнесті дамыту үшін қолайлы болып табылады», - деді Б. Жәмішев.

Министрдің айтуынша, Дүниежүзілік банкпен жүргізілген салықтық төлемдер туралы зерттеулердің қорытындысына сәйкес, Қазақстан салық төлеу жиілігі бойынша әлемнің 183 елінің арасында 17-нші орында тұр. Ал, салық төлемдер саны бойынша - 11-орында. Сондай-ақ, "Doing Business 2012" рейтингісі бойынша Қазақстан салық салу индикаторлары тұрғысынан 2011 жылы 13 орынды иеленді.

«Бұл ТМД мен Шығыс Еуропа елдері арасындағы ең үздік көрсеткіш болып табылады», - деді Б. Жәмішев.