Дүниежүзілік бизнес-кеңес «Бәйтерек» холдингінің инфрақұрылымдық жобалар бойынша бастамаларын бағалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда кеше, 22 қарашада Тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік бизнес-кеңестің Business and Sustainable Development Commission отырысы өтті.

Дүниежүзілік бизнес-кеңес «Бәйтерек» холдингінің инфрақұрылымдық жобалар бойынша бастамаларын бағалады

Оның жұмысына «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарушы директоры-Басқарма мүшесі  Динара Сейджапарова қатысты.

Динара Сейджапарова Қазақстаннан және ТМД елдерінен кеңес жұмысына қатысқан жалғыз өкіл болды. Жұмыс барысындағы кездесу шеңберінде Кеңес қатысушылары Қазақстандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландыру бойынша «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бастамаларын бағалады. Дәл осындай жобалар экономиканың тұрақты дамуына  жәрдемдесетін болады, деп хабарлады аталмыш холдингтің баспасөз қызметі.

 «Кеңес отырысы пікірталас форматында өтуде, ондағы басты мақсат кеңестің  кедейлік, әлеуметтік теңсіздік және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешуде маңызды рөл атқарып отырғандығын әлемдік бизнес-қауымдастығы назарына жеткізу болып табылады»,- дейді Динара Сейджапарова.

Дүниежүзілік бизнес-кеңес құрамына 33 мүше кіреді, олардың ішінде аты әлемге белгілі сингапурлық ірі қаржы қызметкері, «Temasek Holdings» жетекшісі Хо Чин, қытайлық кәсіпкер, «Alibaba Group» компаниясының негізін қалаушы Джек Ма,  «Mars Incorporated» президенті және  бас атқарушы директоры, сондай-ақ Unilever президенті Пол Полман  сынды бизнес-элита өкілдері бар.

Кеңес отырысы барысында «Үздік нарық. Үздік қаржыландыру. Үздік жұмыс орны» («Better Markets. Better Finance. Better Jobs») жобасы талқыланды. Атқарылған жұмыстың нәтижелері 2017 жылғы қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумына ұсынылатын болады.

Тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік бизнес-кеңесі - ол қаржыландырудың жаңа үлгілерін пысықтау, сондай-ақ  2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша бастамаларды құру үшін бизнес, академиялық қауымдастық және мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің басын қосатын ғаламдық алаң.