Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды безгектен азат ел ретінде таныды
АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды безгектен азат ел ретінде таныды.
Бұл жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры, доктор Маргарет Ченнің Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың атына жолдаған хатында айтылған»,-деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Аталхан хатта Қазақстанның аумағын безгектен азат аумақ ретінде сақтаудағы табысы атап көрсетіліп, безгектің қайта енуін болдырмаудағы республика Үкіметінің іс-әрекетіне жоғары баға берілген. Сонымен қатар, 2015 жылға қарай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірде безгекті жоюға бағытталған өңірлік бастамасы ерекше атап өтіледі.
«Қазақстанда ұзақ уақыттан бері безгектің таралмауын және осы дәрежені сақтау үшін атқарылып жатқан ұлттық іс-шараларды назарға ала отырып, Қазақстан Республикасын безгектен азат ел ретінде ДДСҰ ресми таныған елдердің тізіміне қуана отырып енгіземін. Қазақстанның бұл тізімге енуі 2012 жылғы безгек туралы Бүкіләлемдік баяндамада жарияланатын болады», делінген Маргарет Ченнің хатында.