«Дүниежүзілік метрология күні» UNESCO аясында аталып өтілмек
Конференция барысында 60-тан астам елден келген 300-ге жуық қатысушы Қазақстанның Дүниежүзілік метрология күнін UNESCO оқиғасы деп тану туралы ұсынысын қолдады. Енді бұл шешімді UNESCO Бас конференциясының 42-сессиясы ратификациялайды, одан кейін UNESCO аясында Дүниежүзілік метрология күні атап өтіледі.
Бұл шара Дүниежүзілік метрология күнін ілгерілету үшін BIPM (Халықаралық салмақ пен өлшем бюросы) және OIML (Халықаралық құқықтық метрология ұйымы) үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Еске салайық, Қазақстан 1992 жылдың 22 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (UNESCO) мүшесі болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті және «ҚазСтандарт» РМК атынан 2008 жылдан бастап Халықаралық салмақтар мен өлшемдер ұйымының (BIPM) 52-ші толық мүшесі саналады.
Айта кетерлігі, Қазақстан экономикасын әлемдік аренаға шығаратын негізгі факторлардың бірі ұлттық метрологиялық инфрақұрылымды BIPM және OIML жетекшілік ететін жаһандық метрология жүйесіне сәйкес келтіру болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан осы ғылыми және заңнамалық метрологиялық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде қатысады, және Қазақстанның метрология жүйесі еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне өз үлесін қосуда.
Фото: metrologi.madpo.ru