Дүниежүзілік ойында алтын медаль алған маңғыстаулық полицей-спортшылар марапатталды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық спортшы-полицейлерге Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов марапат табыстады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
22-31 шілде аралығында Голландия мемлекеті Роттердам қаласында полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында спорттан дүниежүзілік ойын өткізілді. Бүкіләлемдік бұл додаға әлемнің 97 елінен барлығы 13500 спортшы жиналған. Олардың қатарында қазақ елінің, Маңғыстау өлкесінің намысын қорғаған ішкі істер органдары қызметкерлері бар.
«Бүкіл әлемнің күш құрылымдары арасындағы бұл додада бокстан 75 кг салмақ дәрежесінде полиция капитаны Жандос Сұлтанов, каратэ спортынан 70 кг салмақ дәрежесінде полиция лейтенанты Мұса Бексұлтан мен 75 кг салмақ дәрежесінде полиция капитаны Мерген Калимжанов бірінші орынды иеленіп, алтын медаль жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ бокстан екі қызметкер күміс медаль иеленді. Олар полиция капитаны Берік Абдрахманов және полиция лейтенанты Дидар Алғалиев» делінген мәліметте.
ІІМ-де өткен марапаттау салтанатты шарасында жүлдегер атанған барлық полицейге министр Марат Ахметжанов марапат табыстады.
