Дүниежүзілік театр фестивалі: Елордаға «Оскар» сыйлығының иегері келді
«Астана» ІІ Дүниежүзілік театр фестивалінің қорытындысына орай бүгін Орталық коммуникациялар орталығында баспасөз мәслихаты өтті. Жиында сөз бастаған ҚР Еңбек ері, Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов шетелдік театр өнерінің майталмандары елорданың көркіне тамсанып жатқанын жеткізді.
«Бұл күндері еңселі елордамызда «Астана» ІІ Дүниежүзілік театр фестивалі өтіп жатыр. Былтыр басталған ауқымды шара биыл екінші рет өткізілді. Қытай, Жапония, Ұлыбритания, Польша, Германия, Италия секілді елдерден өнерпаздар келіп, халыққа спектакльдерін көрсетіп, қаламызды аралады. Шаһар жайлы көңіл-күйлері жоғары. Біз соған риза болып отырмыз. Әр уақытта қонақтарды дұрыстап қабылдау - біздің міндетіміз. Жуық арада Еуразия кинофестивалі басталады. Онда да бүкіл әлем елдерінің киноматографистері келеді. Бұның бәрі біздің елге деген шет мемлекеттердің көңілдерінің жоғары екенін көрсетеді. Осының бәрін абырой. Халықтың абыройы, елдің мәдениетінің өскені», - дейді ол.
Асанәлі Әшімов екі аптаның ішінде Франциядан, Англиядан келген театр саласындағы әділ қазылармен театр өнерін талдағанын атап өтті.
«Міне, соның бәрі әр уақытта елдің үлкен дәрежесі. Астананың 20 жылдық тойы келе жатыр. Астананың өсіп-өркендеуіне атсалысып жатқан азаматтарға, Елбасыға зор алғысымды айтамын. Қысқа мерзімнің ішінде алып шаһар тұрғызылды. Қаланың көркі келген меймандардың жоғары бағасына ие болып жатыр. Ортамызда, міне, Жюльет Бинош атты театр және кино актрисасы отыр. «Оскар» сыйлығының иегері. Бұл кісінің екі кездесуі болады. Шеберлік сабағын өткізеді. Халықпен кездеседі. Сондықтан, бұл кісіні құттықтап қоялық», - деді ол
Өз кезегінде «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы аталмыш фестиваль - Шығыс пен Батыстың өркениетін тоғыстырған ауқымды шара екенін атап өтті.
«Астана шаһарында біздің отандық театрлармен бірге әлемдік театрлардың өнері тоғысты. Әлемдік үздік қойылымдардың біздің мықты театр өнерпаздарының өнерімен бірге бір сахнада қойылуы - жетістігіміз деп ойлаймын. Расында да, әлемдік деңгейдегі актриса Жюльет Биноштың біздің ортамызға келіп, біздің елге, театр мен киноға деген махаббатын танытып жатқанына ризамыз», - деді Жеңіс Сейдоллаұлы.
Бұдан кейін сөз алған 1997 жылғы «Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Бинош Астанаға бүгін таңертең ғана келгенін атап өтті.
«Қазақстан елімен, жұртшылығымен енді ғана танысып жатырмын. Алғашқы әсерім - керемет. Алып дала, жүзі жарқын жандар, қонақжайлық - мені бәрі-бәрі қуантады. Келесі жолы келгенімде Қазақстан халқымен тереңірек танысуға уақытым болар деген үміттемін. Астана шаһарының өте ауқымды да көрікті сәулеті барын көріп отырмын. Тіпті қызғана қарағанымды жасырмаймын. Сіздің мемлекеттеріңіз біздікінен бес есе үлкен. Мен сондай-ақ сіздердің отандастарыңыз Самал Есләмованың жетістігіне қуаныштымын», - деді мәртебелі мейман.
Айта кетсек, «Астана» ІІ Дүниежүзілік театр фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен елордамыздың 20 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп жатыр. «Астана» театр фестивалі әлемдік театр ұжымдары өнер көрсететін мәдени ауқымды шараға айналды. Фестивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлар қауымдастығы өткізді. Фестивальға 13 елден келген 17 театр 18 спектакль қойды.
Ертең елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19:00-де «Астана» ІІ Дүниежүзілік театр фестивалінің жабылу салтанаты өтеді. Кеште әлемдік киноматографияның жарық жұлдызы Жюльет Бинош (Франция) қала тұрғындары мен меймандарын моноспектакльмен қуантады. «Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Бинош «Жүректен шыққан сырлы сөз» шығармашылық кешін ұсынады.