Дүниежүзiлiк ұйымның Аусыл бойынша субөңiрлiк үйлестiру кеңсесi Астанада құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Жануарлардың саулығы жөнiндегi дүниежүзiлiк ұйым арасындағы Жануарлардың саулығы жөнiндегi дүниежүзiлiк ұйымның Аусыл бойынша субөңiрлiк үйлестiру кеңсесiн Астана қаласында құру туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, 2013 жылдың 16 қазанында Астана қаласында жасалған келісімге сәйкес, елордада жануарлардың аусыл ауруы бойынша субөңiрлiк үйлестiру кеңсесi құрылады. Халықаралық кеңсе жұмысы аусыл ауруына бақылауды күшейтуге, аймақтық деңгейде осы аурумен күресу бойынша стратегия мен бiрыңғай әдiстемелер жасауға бағытталған.

Бұдан бөлек, Астанада құрылатын кеңсе Халықаралық эпизоотиялық бюроның арнайы және аймақтық комиссияларымен бiрлесе отырып, аусылмен күресу бойынша Орталық Азия аймағы аумағында ветеринариялық қызметтерді бiріктіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар кеңсе жанынан аусыл ауруына қарсы егілетін вакцина банкiн құру көзделеді. Бұл ретте Орталық Азия республикалары үшін вакциналау мақсатында аусылға қарсы сапалы екпелер сатып алуға бюро жыл сайын грант бөлуді қарастырады.

Еске сала кетейік, Қазақстан 1993 жылдан бастап Халықаралық эпизоотиялық бюроның мүшесi болып табылады, ал 2003 жылы Халықаралық эпизоотиялық бюроның атауы Жануарлардың саулығы жөнiндегi дүниежүзiлiк ұйым болып өзгерген болатын.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар
telegram