Дүниежүзілік банк Орта дәлізге 7,6 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM- TRACECA Үкіметаралық комиссиясының 18-отырысында Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша инфрақұрылым жөніндегі жетекші маманы Винни Ван Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, қазіргі жаһандық жағдайда автоматтандырылған әрі тұрақты көлік дәлізін қалыптастырудың маңызы артып отыр.
- Барлық министр мен өкілдер көлік дәлізін экономикалық дәлізге айналдырудың маңызын атап өтті. Бұл дәліз бойындағы елдердің экономикалық өсімін қолдауға мүмкіндік береді, – деді Винни Ван.
Ол Дүниежүзілік банк тобы Транскаспий көлік дәлізін дамыту үшін кешенді тәсіл қолданатынын айтты.
- Біз тек инфрақұрылымдық инвестициялармен шектелмейміз. Сонымен қатар автомобиль және теміржол саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау, операциялық тиімділікті арттыру және өңірлік үйлестіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді сарапшы.
Винни Ванның мәліметінше, алдағы бес жылда Дүниежүзілік банк тобы Орта дәліз жобаларына тағы 7,6 млрд доллар инвестиция салуды көздеп отыр.
- Қазірдің өзінде бірнеше миллиард доллар инвестицияланған. Келесі бес жылда тағы 7,6 млрд доллар көлеміндегі инвестиция қарастырылып отыр. Сонымен бірге қосымша 13,4 млрд доллар тарту жоспарланған, – деді ол.
Спикер Дүниежүзілік банк Орта дәліз бойынша жаңа стратегиялық есеп әзірлеп жатқанын да жеткізді.
- Жаңа есепте сауда ағындары, инфрақұрылымдық олқылықтар, қаржыландыру қажеттілігі, институционалдық реформалар мен климаттық тұрақтылық мәселелері қамтылады, – деп қорытындылады Винни Ван.
Бұған дейін TRACECA цифрлық дәлізді дамытуға басымдық беріп отырғанын жазғанбыз.