Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерлерді іріктеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл күзде елордада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерлерді іріктеу жүріп жатыр. Бұл туралы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әбибуллақызы мәлім етті.

Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден аса елдің спортшылары қатысады
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерлерді іріктеу басталды. Олар арнайы сауалнама толтырады, соның негізінде волонтерлердің жас ерекшелігі мен осы саладағы тәжірибесі анықталады», - деді Айзат Әбибуллақызы Kazinform агенттігі тілшісінің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 500-ден астам волонтер тартылмақ.

«Бүгінде елордадағы жастар орталығында 6 мыңнан астам волонтер бар. Сондай-ақ, орталық базасында волонтерлер мектебі жұмыс істейді, ол жерде еріктілер қатарына енді кіргендерге осы қызмет бойынша сабақтар өтеді», - дейді ол.

Бұған дейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтқан еді.

Еске сала кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда өтеді.

Айта кетейік, Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 58 ел қатысады.

 

Соңғы жаңалықтар