Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 89 мемлекеттің спортшылары бақ сынайды

 ЮНИСЕФ 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми серіктесі атанды
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні белгілі. Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2,5 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Ойындар 21 спорт түрінен өткізіледі. Жартысы ұлттық спорт түрлері болса, қалғаны - түркітілдес елдердің ұлттық ойындары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев айтты.

«Қала әкімшілігімен келісіп, спортшыларға 32 қонақүй дайындап отырмыз. Спорттық инфрақұрылымды айтатын болсақ, Астана қаласында «бір сызық» концепциясы қолданылады. Яғни, ойындар бір көшеде орналасқан Қабанбай мен Тұран көшелерінің бойындағы спорт нысандарында өтеді. «Астана-арена» стадионында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі жоспарланып отыр», - деді ол.

Бұдан бөлек, күрес ойындары Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жеңіл атлетика манежінде де тартысты ойындар ұйымдастырылады деп күтілуде. Ал, ұлттық ат спорты ойындары «Қазанат» ипподромында өткізіледі. «Думан» қонақүйінде ой қабілетіне байланысты спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылады. «Алау» мұз айдынында да күрес бойынша сайыстарды тамашалауға болады.

Бұл шара тек спорт сайыстарымен ғана шектелмей, оның аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарда бар. Ол «Спорт және ғылым», «Тарих және мәдениет», «Көшпенділер ойындарының тағамдары» атты бағыттар бойынша өтеді.

Айта кетейік, 2 жыл бұрын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркия елінің Изник қаласында ұйымдастырылған болатын.

Осыған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының UNESCO ұйымының қолдауымен өтетінін жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram