Дүниежүзілік көшпенділер ойынында тоғызқұмалақтан ел намысын кімдер қорғайды

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төл ойынымыз – тоғызқұмалақтан ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың есімдері белгілі болды.

Тоғызқұмалақ
Фото: Тоғызқұмалақ федерациясы

Бұл туралы KAZINFORM тілшісіне сұхбат берген Дұниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерпциясының бас хатшысы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мақсат Шотаев айтып берді.

«Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы ел чемпионатының іріктеуі негізінде жасақталады. Байрақты чемпионаттың классика түрінде 1-2 орын алған спортшылар тікелей ел намысын көшпенділер ойынында қорғайды. Қазіргі кезде Қазақстан Чемпионаты өз мәресіне жетті. Ерлер арасынан Бексұлтан Бостандықов (Қызылорда), Асылхан Қожанәсіп (Қарағанды), әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы (Ақтөбе) және Әсел Далиева (Түркістан) осы ойындарға жолдама алды. Спортшыларға сәттілік тілеймін», — деді Мақсат Шотаев.

Сонымен қатар Дұниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерпциясының бас хатшысы Шотаев осы Дүниежүзілік көшпенділер ойынының әсерінен тоғызқұмалақ ойыны жыл сайын ауқымы артып, қатысушы елдердің саны көбейіп келе жатқанын айта кетті.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — этникалық спорт түрлерінен 2 жылда бір рет өткізілетін кешенді спорт жарысы. Алғаш 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан ата елдімекенінен бастау алған бұл жарыс бүгінгі күнге дейін 4 рет өткізілді. Жарыс — Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделгенімен, кейінгі уақыттарда Азия және Африка халықтарының да ойындары бағдарламаға енгізіліп отыр. Қазіргі таңда осы ойындардың әсерінен тоғызқұмалақ ойыны да жыл сайын ауқымы артып, қатысушы елдердің саны көбейіп келеді. Бұйырса, төл ойынымызды төрткіл дүниеге танытатын уақыт алыс емес», — деді Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының бас хатшысы.

Соңғы жаңалықтар