Дүниежүзілік мұхит температурасы бақылау тарихындағы рекордты жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM – 22 тамызда Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы Цельсий бойынша 21,1 градусқа жетті. Бұл – 1979 жылы спутниктік бақылау басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Жерді қашықтан зондтау және картографиялау жөніндегі Copernicus қызметі мәлімдеді.
– Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы бақылау тарихындағы ең жоғары деңгейге жетіп, 2024 жылғы наурызда орнатылған алдыңғы рекордтан (21,09 градус) асты. Copernicus климаттың өзгеруін бақылау қызметі 22 тамызда тіркелген 21,1 градустық рекордты растады, – делінген хабарламада.
Copernicus мамандары бұл көрсеткіш мұхиттың орташа температурасының ұзақмерзімді өсу үрдісіне сәйкес келетінін атап өтті. Сондай-ақ ол Тынық мұхитында байқалып отырған Эль-Ниньо құбылысымен байланысты.
Климатологтар рекордтың тіркелген уақытына да назар аударды. Әдетте Дүниежүзілік мұхиттағы ең жоғары температура Оңтүстік жарты шарда жаз аяқталғаннан кейін, наурыз-сәуір айларында байқалады. Ал биыл теңіз суының температурасы күн сайын дерлік жаңа рекорд орнатып келеді. Мамандар мұны бүкіл Дүниежүзілік мұхитта жылудың тұрақты сақталып отырғанының белгісі деп бағалады.
– Бұл рекорд Дүниежүзілік мұхитқа түсетін қысымның артып келе жатқанын көрсететін тағы бір белгі. Эль-Ниньо жүйеге қосымша жылу әкеледі, алайда бұл адам әрекетінен туындаған жаһандық жылынумен қатар жүріп жатыр. Мұхит температурасы көтерілген сайын теңіз экожүйелері мен жағалаудағы елді мекендерге төнетін қауіп те арта береді, – деді Еуропаның орта мерзімді ауа райын болжау орталығының (ECMWF) стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Саманта Бёрджесс.
Еске сала кетсек, қазіргі Эль-Ниньо адамзат тарихындағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін.
Сондай-ақ БҰҰ Эль-Ниньо салдарынан тағы 49 млн адам азық-түлік тапшылығына ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді.