Душанбе әуежайы жылына 8,5 млн жолаушы қабылдайтын болады
АСТАНА. KAZINFORM — Душанбе әуежайында жылына 8,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге арналған жаңа халықаралық терминалдың құрылысы басталды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Тәжікстандағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Болашақ ғимараттың іргетасына символдық капсула салу рәсіміне Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Жаңа терминал жылына 8,5 миллион жолаушыға дейін қабылдай алады. Құрылыс жұмыстарына бір жарым жыл уақыт бөлінген.
Тәжікстан тарапының мәліметінше, құрылысқа жүздеген білікті маман тартылады. Нысан заманауи халықаралық стандарттарға сай болады деп жоспарланып отыр.
Эмомали Рахмон әуежай басшылығы мен жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, жаңа терминалды белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.
Бұған дейін Тәжікстан астанасында Орталық Азиядағы ең биік ғимаратқа айналатын, биіктігі 340 метр болатын 77 қабатты зәулім ғимараттың құрылысы басталғаны хабарланған еді.