Душанбеде балаларға арналған 35 мыңнан астам жалған дәрі тәркіленді
АСТАНА.KAZINFORM — Тәжікстан астанасы Душанбеде жалған дәрі-дәрмек өндірумен айналысқан жасырын цех әшкереленді.
Қалалық Ішкі істер басқармасының мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін сапасыз әрі қолдан жасалған дәрілік препараттарды өндіріп, таратумен айналысқан.
Ведомствоның хабарлауынша, санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда және сапа стандарттарын өрескел бұза отырып, «Нурофен», «Амбробене Экстра», «Парацетамол», «Амброксол», «Лазолван», «Терафлю-М» және басқа да дәрілік препараттардың ұнтақтары мен шәрбаттары дайындалған. Бұл дәрілер негізінен балаларды емдеуге арналған болған.
Арнайы операция барысында 35,9 мың құты шәрбат, 405 мыңнан астам қаптама, нұсқаулық пен заттаңба, 600 келіден астам шикізат, сондай-ақ дәрі өндіруге арналған 10 бірлік құрал-жабдық тәркіленді.
Ішкі істер басқармасының мәлімдеуінше, қылмыстық топ мүшелерін ұстау және жауапкершілікке тарту ең алдымен азаматтардың, әсіресе балалардың денсаулығы мен өмірін қорғауға мүмкіндік берді.
Аталған факті бойынша Тәжікстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бірінші тоқсанда Тәжікстанға шамамен 11 000 қазақстандық турист барған.