Душанбеде қазақстандық жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы 7 сәуірде Душанбе қаласында тәжік-ауған шекарасындағы әскери борышын орындау кезінде 1995 жылғы 7 сәуірде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Тәжікстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабының басшылығы, Тәжікстан ардагер-интернационалистер одағының, елшіліктердің әскери атташе өкілдері, Шекара қызметінің ардагерлері, жергілікті БАҚ, Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов өз сөзінде, өмірлерін қия отырып, қазақстандық жауынгерлер әскери борыштарын батырлықпен орындап, әскери анттарына адал болып қалғандарын атап өтті. Елші құрбандарды есте сақтап отырған тәжік халқына алғысын білдіріп, «Қазақстан өз батырларын әрдайым жоғары дәріптейді» деп мәлімдеді.
Тәжік тарапынан сөйлеушілер қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер өздері қорғаған тәжік халқының жадында мәңгі сақталатынын атап көрсетті. Сондай-ақ Тәжікстандағы қиын жылдары қолдау білдіргені үшін қазақ халқына және оның басшылығына зор ризашылықтарын жеткізді.