14:01, 23 Тамыз 2010 | GMT +5
Душанбеде түрмеден 25 аса қауіпті қылмыскер қашып кетті
АСТАНА. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат - Өткен түнде Душанбедегі №1 тергеу абақтысынан 25 аса қауіпті қылмыскер қашып кетті. Бұл туралы Тәжікстан Ішкі істер министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасап «РИА «Новости» агенттігі хабарлады.

«Оқиға түнгі сағат 2-лерде болған. Тұтқындардың бірі кезекшіге шабуыл жасап, одан кілттерді тартып алған соң, сотталғандар отырған камераларды ашқан. Қашқындар кезекші бөлмедегі қаруды алып, сыртқа беттеген кезде күзетпен біраз атысқан», деп хабарлады журналистерге милиция қызметкері. Оның айтуынша, оқиға салдарынан алты офицер мен сарбаз оққа ұшқан, ал сотталғандардың арасындағы кісі құрбандығы туралы әзірге ақпарат жоқ.
Құқық қорғаушылардың мәліметтері бойынша, қашқындардың арасында алты ресейлік азамат, Өзбекстанның Исламдық қозғалысының бірнеше мүшесі және Ауғанстан азаматтары болған. Республикада «Жол кесу» операциясы жарияланды.