Дүйім жұрт «Бір ел - бір кітап» жобасы аясында Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқиды

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның дүйім жұрты «Бір ел - бір кітап» жобасы аясында Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқиды.

Дүйім жұрт «Бір ел - бір кітап» жобасы аясында Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқиды

Жалпыұлттық шараның басталу салтанаты бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.

Акцияны өткізетін негізгі орталық - кітапханалар. Осы жоғарыда аталған «Бір ел-бір кітап» акциясына орай, барлық кітапханалар мен оқу орындарында, мектептерде кітап көрмелері, әдеби кештер, зерттеушілер мен әдебиеттанушылармен кездесулер ұйымдастырылып, осы шығарманы насихаттау бойынша кітап оқушылар конференциясы, ашық сабақтар өтеді.

«Оралхан Бөкей өзінің көркем ойлау жүйесімен қазақ сөзіне ерекше ықпал әкелген. Сонымен қатар оның шығармаларының дені ой ағысына құрылған. Бұның барлығы тегін емес, оқырмандарды көркем шығармаларды оқуға дағдыландыру мақсатында істелініп жатқан шара. Өйткені көркем шығарма адамның ішкі сезімдерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - дейді жазушы Тұрсын Жұртбай.

Кітапхана директоры Жанна Шаймұханбетованың айтуынша, акция шеңберінде Қазақстанда 1100-ден астам іс-шара ұйымдастыру белгіленген.

«6 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан шара оқырмандар арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. «Бір ел - бір кітап» шарасы АҚШ-тың Чикаго кітапханасынан алынған дәстүр. Шара шеңберінде бір кітапты таңдап, оны бүкіл ел болып оқитын болған. Бұл әдіс - ұлттық әдебиетті насихаттаудың ең тиімді жолы екендігіне көзіміз жетті», - деп атап көрсетті Ж. Шаймұханбетова.

Акцияны қолдағандардың ішінде Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази және Мұрат Әуезов сынды ақын-жазушылар бар.