Дүйсенбай Тұрғанов Жайық өзені мәселесін тағы көтерді

АСТАНА. KAZINFORM — Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу қажет.

депутат
Фото: Мәжіліс

Бұл туралы Үкімет басшысына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов айтты.

— Бұл менің бір мәселе бойынша осымен үшінші Премьер-министрдің атына жолданып отырған төртінші депутаттық сауалым. Яғни бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселе — стратегиялық және экологиялық маңызы зор Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу жөнінде тағы да сауал жолдауға мәжбүр болып отырмын. Жайық өзені — Еуропадағы ұзындығы бойынша үшінші орын алатын, еліміздің маңызды су артериясы екені бәрімізге мәлім. Өкінішке қарай, ол соңғы жылдары өзінің экологиялық тұрақтылығын күн санап жоғалтып келеді. Мәжіліс депутаттарының, алдыңғы сауалдарына қарамастан, бүгінгі күнге дейін аталған өзенге ерекше мәртебе беру бойынша нақты қадамдар жасалған жоқ. Мәселен, Су кодексінің баптарына және Үкіметтің 2004 жылғы қаулысына сәйкес, ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізіміне Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдері мен Ертіс өзені енгізілген. Алайда, Жайық өзені өзінің аса зор маңыздылығына қарамастан, бұл тізімге әлі күнге дейін енгізілмеген. Бұл мамандар мен өңір халқы тарапынан үлкен алаңдаушылық пен түсінбеушілік туғызып отыр, — деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда өзен суын бақылаусыз алу, өнеркәсіпте суды қайталама айналымға енгізу жүйесінің болмауы, су қоймаларының келісілмей салынуы, ластану деңгейінің артуы және экожүйенің бұзылуы секілді проблемалар етек алып, жұртшылықты алаңдатып отыр.

Осыған байланысты депутат келесі шараларды қамтамасыз етуді ұсынды:

— Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу туралы мәселені шұғыл түрде қайта қарап, тиісті шешім қабылдау. Бұл еліміздің батыс өңірінің экологиясы мен экономикасы үшін өте маңызды.
— Жайық экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі жаңа кешенді Қазақстан-Ресей бағдарламасын әзірлеп, бекіту. Онда нақты шаралар, іске асыру мерзімі мен қаржыландыру көздері қамтылуы тиіс.
— Жайық өзені бойындағы ірі өнеркәсіктік кәсіпорындардың су пайдалануына мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Оларға суды қайталама пайдалану технологиясын ендіруді міндеттеген жөн.
— Жайық өзені алабында келісілмеген жасанды су қоймасын салуға қатаң тыйым салу керек. Сонымен бірге өзендегі қазіргі қолданыстағы объектілерге тексеру жүргізу қажет.

Осыған дейін Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендей бастағаны мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар