Дүйсенбіде елордада жылу беру маусымы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі, 29 қыркүйектен бастап елордада жылу беру маусымы басталады. Бұл туралы бүгін 2014-2015 жылдары жылу беру маусымына дайындық қорытындысына арналған кеңесте Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов мәлім етті.

Дүйсенбіде елордада жылу беру маусымы басталады

«Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарын жылу беру маусымына дайындығы толығымен аяқталды. Жалпы алғанда, тіршілікпен қамтамасыз ететін мекемелер жылу беру маусымында үздіксіз әрі тұрақты жылу беруге, электр энергиясын жеткізуге толық дайын», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Астана қаласы мәслихатының ағымдағы жылғы шешімімен қаланы жылыту мауысымына дайындау және оны өткізу ережесі бекітілген. Жылу беру дәл осы ережеге сәйкес жүргізілетін болады.

«Ауа райының болжамына сәйкес ертеңнен бастап күн суытып, ауа температурасы төмендейді, жауын-шашын түседі. Жалпы, біз қыркүйектің 29-ы, дүйсенбіден жылу беру маусымын бастауға дайынбыз», - В.Крылов.