Дүйсенбіден бастап еліміздегі қорықтар мен ұлттық парктер ашылады
Айта кетейік, бүгін Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссия отырысында нысандардың қызметін жеңілдетудің екінші кезеңі мақұлданды.
Соның нәтижесінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар: мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар және басқа да нысандар жұмысын бастайды. Бұл жерлерді жеке және 15 адамнан аспайтын туристік топтар аралап, тамашалай алады.
Дегенмен келушілер кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде тағып жүруі керек.
«Барлық нысандарға тиісті дайындық актілерін алғаннан кейін ғана жұмысқа кірісуге рұқсат беріледі. Өңір әкімдіктері денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен« ҰКП-мен бірлесіп, қоғам белсенділерін тарта отырып, енгізілетін нысандардың барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қамтамасыз етуі қажет», - деп атап өтті Е. Тоғжанов.