Дүйсенова дәрі-дәрмектің қымбатшылығы туралы түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда дәрі-дәрмектің қымбатшылығына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүйсенова дәрі-дәрмектің қымбатшылығы туралы түсінік берді

«Тегін базалық медициналық көмек бағдарламасы бойынша дәрілерді Ресейден сатып аламыз. Егер де бұл елде қымбаттаса, бізде де баға көтеріледі. Ал дәріханаларда өткізілетін дәрі-дәрмектің бағасын біз реттей алмаймыз»,-деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Осы орайда Т. Дүйсенова 2015 жылдан бастап Қазақстан референттік баға қалыптастыруға көшкенін еске салып өтті.

«Тегін медициналық көмек аясында біз сатып алатын дәрілік заттар бойынша барлық бағалар төмен, себебі 2015 жылдан бастап референттік баға қалыптастыруға көштік. Осы орайда Ресейдегі, Беларусьтегі, Қазақстанның ішіндегі, сонымен қатар, Еуропаның бес еліндегі  бағаларды қараймыз. Сондықтан да сатып алынатын дәрі-дәрмек бойынша қандай баға қалыптасып отырғандығы туралы нақты айта аламыз. Өткен және оның алдындағы жылдарда дәрілік заттарды 2014 жылдың бағасымен алдық. Қадағалау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Біз тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында сатып алынатын дәрілік препараттардың бағасын толықтай реттеп отырмыз. Ал қалғандары тек нарыққа байланысты, яғни әрбір дистрибьютор өзінше өндірушімен шарт бекітіп, осында жеткізіп, бөлшек нарықта сатады»,-деп түсіндірді министр.

Оның сөзіне қарағанда, отандық фармацевтикалық нарықтың көлемі 360 млрд. теңгеге жуықтаған.

«Оның ішінде 160 млрд. теңгесін мемлекет сатып алады, оған бағалар белгіленген. Ал 280 млрд. теңге бизнес сатып алатын үлеске тиесілі. Ондағы тауарлар мен қызметтер реттелмейді. Дегенмен де біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз, осы ретте бизнеспен бірге тиісті шараларды қамтуымыз мүмкін»,-деді министр.