Дүйсенова Қазақстандағы онкологиялық қызметті жетілдіру мәселелерін халықаралық сарапшылармен талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдерінен тұратын халықаралық делегациямен кездесті, олар отандық онкологиялық қызметтің дамуы туралы есепті ұсынды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Дүйсенова Қазақстандағы онкологиялық қызметті жетілдіру мәселелерін халықаралық сарапшылармен талқылады

Шетелдік сарапшылар Астана және Алматы қалаларындағы онкологиялық орталықтарға, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына, Алматы қаласы №1 емханасының паллиативті көмек орталығына, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне, Республикалық жоғарғы медициналық колледжіне барды.

Сонымен қатар, ДДҰ және МАГАТЭ делегациясы обыр сырқаттанушылығының көрсеткіштерін зерттеп, ҚР онкологиялық қызметін дамыту бойынша алда тұрған міндеттіріне және жетістіктеріне, ұлттық басымдылықтарына шолу жүргізді.

Т. Дүйсеновамен кездесу барысында сарапшылар Қазақстандағы онкологиялық қызмет жоспарлы дамып жатқанын атап өтті, сонымен қатар ҚР-да обыр сырқаттанушылығына скрининг жүргізуді күшейту бойынша ұсыныстар берді.

Кездесу соңында Т. Дүйсенова сарапшыларға жүргізілген жұмыстары үшін алғыс білдірді және онкологиялық сырқаттанушылықпен күресте  ДДҰ және МАГАТЭ-нің тәжірибесін қолдануға дайын екенін жеткізді.