Дж. Царнаевтың курстастары - қазақстандық екі студент өздеріне тағылған айыптан бас тартты
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Бостон марафонының мәресінде болған жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деп айыпталған Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов өздерінің кінәлі еместігі туралы мәлімдеді, деп хабарлады Би-Би-Си.
Қазақстандық Қадырбаев пен Тәжаяқов - осы іс бойынша негізгі айыпталушы Джохар Царнаевтың университетте бірге оқыған достары. Екеуінің де жастары 19-да.
Қадырбаев пен Тәжаяқовтың ата-аналары сот залында болды. Осы іс бойынша сот отырысы 26 қыркүйекке белгіленді. Прокурорлар 15-тен 20-ға дейін куәгерді қатыстыруды жоспарлап отыр. Сот процесі екі аптаға жалғасады деп күтілуде.
Өткен аптада оларға қатысты әділдікке кедергі жасады және осы мақсатта қылмыстық сөз байласуға түсті деген қорытынды айып шығарылған болатын.
Олар тергеуге кедергі келтіргендері үшін 20 жылға және сөз байласқандары үшін 5 жылға бас бостандықтарынан айырылуы, сонымен қатар 250 мың доллар айыппұл тағылып, 5 жылға дейін құқық қорғау органдарының ашық қадағалауында болуы мүмкін.