Джакартадағы лаңкестіктен зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес қазіргі уақытта Джакартадағы лаңкестіктен зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ.
«Біздің Индонезиядағы Елшілігіміз тұрақты түрде аталған елде жүрген Қазақстан азаматтарымен байланысқа шығып отыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ануар Жайнақов.
«Белгілі болып отырғандай, ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов Ыстамбұлда таяуда орын алған лаңкестік әрекетке байланысты көңіл айтқан болатын. Сонымен қатар біз бейбіт адамдар көз жұмған Джакартадағы лаңкестік әрекетті айыптаймыз. Толықтай алғанда Қазақстан лаңкестіктің барлық түрлері мен көріністерін қатаң айыптайды және бұл зұлымдықтың тамырына балта шабу үшін әлемдік қоғамдастық тарабынан ұжымдық күш-жігердің тез арада қабылдануын жақтайды», деді телефон арқылы А.Жайнақов.
Сонымен қатар ол аталған лаңкестікті ұйымдастырушылардың анықталып, жазаға тартылатындығына сенім білдірді.
«Қазақстан халықаралық құқық ұстанымдарына және сәйкесінше БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына баса мән бере отырып, әлемнің барлық елдерін БҰҰ-ның лаңкестік пен экстремизмнің таралуына қарсы күш біріктіруге шақырады», - деді ҚР СІМ баспасөз хатшысы.