«Джангоны» сомдаған Джейми Фокс өртенген көліктегі адамды құтқарып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық актер Джейми Фокс жалынға оранған көліктің ішіндегі адамды алып шығып, өлімнен құтқарған. Бұл туралы CNN хабарлады.
Калифорния штатындағы полицияның қарасақ, өткен дүйсенбі күні Вентура округіндегі актердің үйіне қарама-қарсы жерде жол апаты болған.
Жылдамдықты шектен асырған жүргізуші көлігін басқара алмай жолдан шығып кетіп, машина бірнеше рет аударылыпты, әрі автомобиль өртене бастаған. Фокс пен сол маңда жүрген тағы бір адам зардап шегушіге көмекке жүгірген. Олар қолдарына іліккен нәрсемен терезені сындырып, қауіпсіздік белдігін кесіп 32 жастағы Бретт Кайлды көліктен сыртқа шығарған.
Құтқарушылар тобы апат орнына кейінірек келіп жеткенде көлік толық жалынға ораныпты.
Белгілі әртіс Фокс Квентин Тарантиноның «Азаттық алған Джанго» (Django Unchained, 2012) фильмінде басты кейіпкерді сомдап көрермендердің ықыласына бөленді. Ол сондай-ақ «Заңды бұзбайтын азамат» (Law Abiding Citizen, 2009), «Ақ үйге шабуыл» (White House Down, 2013) фильмдеріне түскен.