Джанни Букиккио алдағы уақытта Қазақстанға сапарлауды жоспарлап отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккио «ХХІ ғасырдың Конституциясы - құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты онлайн-халықаралық конференцияда құттықтау сөзін жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Айта кетейік, форум Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған. Сонымен қатар, форум аясында Азиялық Конституциялық соттар мен балама институттар Қауымдастығының IV Конгресі өтуде.

«Коронавирус індеті Нұр-Сұлтан қаласында кездесуге мүмкіндік бермей отырғанына қарамастан, бүгінгі онлайн конференция кезіндегі пікір алмасу мазмұнды болады деген сенімдемін. Таяуда Қазақстан елордасында кездесеміз деген үміттемін», - деді Джанни Букиккио.

Оның сөзіне қарағанда, Азиялық Конституциялық соттар мен балама институттар Қауымдастығының IV Конгресі үшін іріктелген тақырыптарда заң үстемдігі, адам құқығын қорғаудағы маңызды тетіктер атап өтілген. Бұл тақырыптар заманауи әрі тиімді мемлекеттің концепциясына сай келеді.

Сонымен қатар Джанни Букиккио Венеция комиссиясы 2016 жылы құқық үстемдігінің бақылау тізбесін қабылдағанын еске салды. Ол құқық үстемдігінің түрлі аспектілерін дамытады. Осы орайда заңдылық, құқықтық айқындық, заң алдындағы теңдік, сот төрелігіне қолжетімдік ескерілген. Бұл тізбемен жұмыс істей отырып, конституционалды әрі халықаралық стандарттар өзара байланысты екенін, бірін-бірі толықтырып тұрғанын атап өткен жөн.

«Осы тізбе бүгін талқыланып отырған басқа тақырыпты да қамтып отыр. Цифрлы трансформация кезеңінде адам құқығы мен демократиялық құндылықтарды қалай қорғай аламыз? Осы кепілдіктер қазіргі заманғы мемлекет тиімділігінің негізі болады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдың Конституциясы - құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» тақырыбында онлайн-халықаралық конференция өз жұмысын бастады.


Соңғы жаңалықтар