Джастин Бибер жазасынан құтылу үшін балалар үйіне 50 мың АҚШ долларын аударды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Канадалық әнші Джастин Биберді қаңтар айында Американың Майами-Бич қаласына полицейлердің қолына түскен еді. Онда ол мас күйінде көлік жүргізгенімен қоймай, тәртіп сақшыларына қарсылық танытқан. Енді ол өз кінәсін мойындап, жазадан құтылып отыр, деп хабарлады жергілікті БАҚ.

Джастин Бибер жазасынан құтылу үшін балалар үйіне 50 мың АҚШ долларын аударды

Оның қорғаушысы Марк Шапироның айтуынша, Флорида штатында өткен сот шешімі бойынша әнші кінәсін мойындап, жазадан құтылған. Бірақ ол үшін Бибер кез келген қайырымдылық қорына 50 мың АҚШ долларын аударып, 500 доллар айыппұлын төлеуі керек. Сонымен қатар, психологтың 12 сағаттық курсынан өтуі қажет. Онда оған қоғамда өзін қалай ұстау керектігін үйретіп, ашушаң мінезі көпке зиян екені айтылады. Қорғаушының айтуынша, әнші балалар қорына 50 мың долларды аударып жіберген. Сотта істі қараған судья Уильм Алтфилд сот отырысында бұл Биберге болашақта сабақ болуы керек екенін айтып, қатаң ескерткен. «Оған еліктейтін жастар бар. Сондықтан, ол өзі үшін ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершлігі үшін де мінезін түзеуі керек», деген судья. Естеріңізге сала кетейік, осы оқиға үшін АҚШ Президенті әкімшілігінің сайтында канадалық әнші Джастин Биберді елден шығарып жіберуді талап еткен ұжымдық хат жарияланған болатын. Ол хатта Бибер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жастарды жаман жолға бастап бара жатқаны айтылған.