Дженсен Хуанг NVIDIA басшысы қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM – NVIDIA компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг бас директор қызметінен кетті. Оның отставкасы дереу күшіне енді. Бұл туралы компанияның Директорлар кеңесінің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды NVIDIA Newsroom сайты.
Компанияны уақытша қаржы директоры Колетт Кресс басқарады. Ол 2013 жылдан бері NVIDIA компаниясында жұмыс істейді. Бұған дейін Кресс Cisco және Microsoft компанияларын қоса алғанда, жетекші технологиялық компанияларда 25 жылға жуық уақыт қаржы саласындағы қызметтерді атқарған.
Сонымен қатар Директорлар кеңесі жаңа бас директорды іздеуді бастады. Бұл қызметке компанияның ішкі және сыртқы үміткерлері қарастырылады.
Компания тарихында алғаш рет Директорлар кеңесінің төрағасы болып бұған дейін Synopsys технологиялық компаниясын басқарған Харви Джонс тағайындалды.
NVIDIA компаниясында Хуангқа компанияның және технология саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ал Директорлар кеңесі басшылықтың ауысуы компанияның жұмысына, клиенттер алдындағы міндеттемелеріне және өнімдерді әзірлеу жоспарларына әсер етпейтініне сендірді.
Еске сала кетейік, қазан айының соңында NVIDIA компаниясының бұрынғы негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Астанада өткен AI Month іс-шарасына арнайы қонақ ретінде қатысып, Қазақстанға алғаш рет келген еді.
Сондай-ақ NVIDIA-ның экс-басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.
Мұның алдында Мемлекет басшысы Дженсен Хуангты қабылдағанын хабарлағанбыз.
Кеше АҚШ Әділет министрлігі NVIDIA компаниясына қатысты үш тергеу жүргізіп жатқанын жаздық.