Джентельмендер клубы 7 балалы отбасыға үй алатын ақша сыйлады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Джентельмендер клубы өскемендік 7 балалы отбасыға үй алатын ақша берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Клубтың жұмысы мен көмек беру идеясы туралы ҚазАқпарат тілшісіне клубтың көшбасшысы Арман Қашқынбеков айтып берді. Еске сала кетейік, Джентльмендер клубы өткен аптада ғана Ақтөбедегі көпбалалы отбасылардың біріне үлкен үй алып берген болатын.

«Осынау бастама көптің назарына іліге бастады. Бастамаға біздің бизнесмен досымыз Оралбек Ботпай да қолдау көрсететінін жеткізді. Осылайша, бизнесменнің қолдауымен бүгін «Қазақстан барысы-2019» турнирінің қорытындысында көпбалалы отбасыға бір үйдің қаражаты табысталды. Яғни, өскемендік отбасыға жасалған қолдау - Джентельмендер клубының баспана сыйлау бойынша екінші жобасы. Өскемендегі 7 балалы отбасының отағасы ғана жұмыс істейді. Аядай бөлмені жалдап тұрып жатқан отбасыға осылайша үй алып беруді шештік», - дейді клуб көшбасшысы.

Арман Қашқынбековтың айтуынша, Джентельмендер клубы осылайша қаражат жинап, клуб мүшелерінің бірі Өскеменнен үй іздеуде. Себебі, бұған дейін алып береміз деген үй аяқ астынан сатылып кеткен.

«Джентельмендер клубының бұдан басқа да игі істері мол. Себебі, баяғыдан бері көпке көмектесу жолында біршама еңбек атқарып келеміз. Жарты жыл сайын мұқтаж жандарға көмектесу - дәстүрімізге айналып кеткен. Мәселен, ватсапта «Джентельмендер клубы» атты тобымыз бар. Сол топта әркім өзінің идеясын ортаға салып отырады. Ол топтың ішінде бизнесмендер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, тіпті министрлер мен әкімдер де бар. Ол топта 257 адам отыр. Осыған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектер арбасын сыйға тартып, елордада ыстың шыққанын ескертетін құрылғылар (датчиктер) орнаттық», - дейді ол.

Клубтың осынау игі бастамасын республиканың түкпір-түкпірінде қалталы азаматтар іліп әкетіп, елдің түкпір-түкпірінде мұқтаж отбасылардың үйлі болып жатқан жайы бар. Бірнеше жыл бұрын құрылған Джентельмендер клубына ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев та кіреді. Міне, сондықтан клуб мүшелері көпбалалы отбасыға бір баспананың қаражатын табыстауды «Қазақстан барысы-2019» турнирі өтетін күнмен тұспа-тұс келтірген. Клуб мүшелері осынау акцияны алдағы уақытта жалғастыруды көздеп отыр.

Еске сала кетсек, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға пәтер сыйлау үрдісі еліміздің түкпір-түкпірінде қолдау тауып, кәсіпкерлер мен меценаттар халыққа қол ұшын созып жатыр. Мәселен, осы жылдың мамыр айында белгілі сазгер, әнші Еркеш Шәкеев өзінің қайырымдылық концертінен түскен қаржыға 5 балалы отбасыға пәтер сыйлаған болатын. Айнұр Махымова есімді әйел 5 қыз тәрбиелеп отыр. 10 жыл бойы уақытша баспананы паналап келген. Күйеуі жұмыссыз. Айнұрдың өзі қоғамдық жұмыстармен айналысады. Қыздардың үлкені мектепте оқыса, кішісі балабақшаға барады. Бұл отбасы концертте сыйлық алатынын білмеген.

«Бізге хабарласып, Еркеш Шәкеевтің концертіне шақырып жатқанын айтты. Дәл мұндай тосынсыйды күтпедік», - деді Айнұр.

Сол секілді әлеуметтік кәсіпкер, «Статус» ойын-сауық кешенінің директоры Асқар Біләлов Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтер сыйлады. Индира Қарабекова - сегіз баланың анасы. Осыған дейін Асқар Біләлов осы жанұяға көмек көрсетіп келген, жақында тұрғын үй мәселесін толық шешіп бермек болған.

«Қарабековтар жанұясын біраз уақыттан бері білемін. Бұған дейін азық-түлік себеттері түрінде қайырымдылық көрсеткенбіз. Үйлеріне келген сайын лайықты өмір сүруге жағдай жасалмағанын байқайтынмын. Сондықтан Наурыз мерекесі қарсаңында осындай сыйлық жасауды шештік», - деді кәсіпкер.

Ақтөбеде де үш отбасына демеушілер пәтер сыйлады. Пәтер алғандардың бірі Гүлпаран Байбосынова. Балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана өз алғысын айтты.

Бүгін 6 балалы мұғалім де баспаналы болды. Алтынгүл Кәрібаева 7-ші баласын күтіп отыр, қазір перзентханада. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған отбасы бүгін демеушілердің көмегімен жаңа пәтердің кілтін алды. Демеушілікті «Спарта и Ко», «БИ-М-72» және «TSG Construction» ЖШС жасады.

Соңғы жаңалықтар