Джей Лоның концертіне қуана-қуана барамын — Балаева сүйікті әртістері туралы айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бизнестің шетелдік жұлдыздар концерттерін ұйымдастыра бастағанын және оларға барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

Мәдениет министрі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Үкімет үйінде министр шетелдік жұлдыздар концерттерін ұйымдастыратын коммерциялық ұйымдардың бар екені қуантатынын айтты. Бұл сөзсіз Қазақстанның шетелде танымал болуына әсер етеді.

— Министр ретінде мені бизнестің осы ұйымдастырумен айналысатыны қуантады және біз бұл бастамаларды барынша қолдаймыз. Әрине, бізде ондай қаражат жоқ, сондықтан олардың бастамаларына қолдау көрсетеміз. Мен Дженнифер Лопестің концертіне барғым келеді. Себебі, оның үлкен аудиториясы бар, әрі бүкіл әлем мойындаған таланты бар. Концертті көргім келеді, сол үшін билет сатып алдым және балаларыммен бірге баруды жоспарлап отырмын, — деді Аида Балаева.

Сонымен бірге, тілшілер министрдің тағы қандай әртістердің концертіне барғысы келетінін сұрады.

— Ондай орындаушылар өте көп. Мысалы, Шакираны көруге болар еді немесе менің сүйікті әншім Лара Фабианды көргім келеді. Сондықтан, елімізде осындай концерттер көбірек өтсе екен деймін. Неге инвестиция тарттыңдар деп сынайтын адамдар да бар. Бірақ бұл шын мәнінде мультипликативті әсер береді, өйткені орындаушылардың жанкүйерлері Қазақстанға келіп, қонақ үйлерімізде тұрады, мәдени мекемелерімізге, мейрамханаларымызға барады, ал бұл қаржы салық ретінде елімізде қалады. Сондықтан мұндай іскер адамдардың бастамаларын тек қолдау керек, — деді Аида Балаева.

Бұған дейін Астана мен Алматыдағы музыкалық іс-шаралар афишасы жарияланған еді

Ал 1 тамызда америкалық актриса әрі әнші Дженнифер Лопес «Up All Night» туры аясында «Астана Аренада» өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар