Джеймс Кэмерон әлемнің ең терең шұңғымасына сүңгіп шықты
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Голливудтың белгілі режиссері Джеймс Кэмерон әлемдегі ең терең нүкте - Мариана шұңғымасының түбіне жасаған саяхатын сәтті аяқтап, Тынық мұхиттың бетіне шықты,
деп хабарлайды РБК сайты шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
«Титаниктің» режиссері бұл саяхатын көптен бері жоспарлап жүрген еді. Кэмерон бұл сапарын арнайы жасақталған Deepsea Challenger батискафымен жасады. Батискаф шұңғыманың түбіне дейін 2 сағат бойы жүзіп барған. Режиссер жер бетіндегі ең терең шұңғыма мен оның «тұрғындарын» арнайы құрылғылар арқылы 3D форматында түсіріп алды.
Кэмеронға дейін Мариана шұңғымасының түбіне екі-ақ адам жеткен. 1960 жылы швейцарлық инженер Жак Пикар мен АҚШ теңіз флотының капитаны Дон Уолш шұңғыма түбінде 20 минуттай болып қайтқан. Алайда олар кемелерінің екпінінен лайланып кеткен ең терең нүктені дұрыс зерттей алмаған көрінеді.